Павлодарда 2 мыңнан астам мұғалімнің жеке деректері ашық қолжетімді болып кеткен

Павлодарда 2 мыңнан астам мұғалімнің жеке деректері интернетке тарап кеткені белгілі болды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, облыс орталығының мектептері мемлекеттік сатып алу порталында медициналық тексеруден өткізу қызметтерін сатып алуға қатысты хабарландырулар орналастырған.
Прокуратураның хабарлауынша, 28 білім беру ұйымы конкурс құжаттамасына өз қызметкерлерінің жеке деректерін жариялап жіберген. Олардың ішінде анкета деректері, тұрғылықты мекенжайлары және байланыс телефон нөмірлері болған.
Ведомство мұғалімдердің жеке деректерінің еркін қолжетімді болуы еңбек заңнамасы нормаларын бұзумен қатар, оларды алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін туғызғанын атап өтті.
Павлодар қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша білім беру саласының 2 065 қызметкерінің жеке деректері ашық көздерден жойылды. Сонымен бірге кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін ҰҚК қызметкерлері Қазақстан азаматтарының жеке деректерін заңсыз жинау және таратуға күдікті қылмыстық топтың қызметін анықтағаны еске салынды. Хабарламада сатып алушылардың арасында микрофинанс ұйымдары мен коллекторлар болуы мүмкін екені айтылған.
Сондай-ақ: Қазақстандықтардың деректерінің таралуы. Цифрлық даму министрлігінде не дейді


