IBF Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырды

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан айырды. Бұл туралы 10 наурыз кешке Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахимжан Ерденбеков мәлімдеді.
Ерденбековтің айтуынша, IBF ұйымынан шешім «бүгін, тура бір сағат бұрын» келген. Оның сөзінше, IBF өз хатында ұйымның қатаң ережелеріне сүйенген.
Ерденбеков келтірген мәліметке сәйкес, IBF хатына сай Жәнібек Әлімханұлы 2 желтоқсан 2026 жылға дейін шеттетілген. Сонымен қатар, ұйым ережесі бойынша кез келген салмақтағы чемпион өз белбеуін 9 ай ішінде қорғауы тиіс болған, яғни Әлімханұлы титулын 4 шілде 2026 жылға дейін қорғауы керек еді. Осы жағдайларға байланысты IBF директорлар кеңесі 5 наурыз 2026 жылы титулды дереу вакант деп жариялау туралы шешім қабылдаған.
Ерденбеков бұл жағдайды Жәнібек командасы үшін «үлкен сабақ» деп бағалап, боксшының биыл-ақ үлкен рингке оралып, күшейе түсетінін және жақын уақытта 4 әлемдік белбеуді жеңіп алуға ұмтылатынын айтты. Оның сөзінше, Жәнібек командасы бұл іс бойынша апелляция береді.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы допинг-тесттен өте алмаған. Сондай-ақ Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы оны жекпе-жектерден алты айға шеттеткен.
Сонымен бірге, соңғы дисквалификацияға қарамастан, Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлі де әлем чемпионы ретінде көрсетіліп отыр. Ақпанда ұйым оны оң допинг-тестке байланысты бір жылға — 2 желтоқсан 2026 жылға дейін шеттеткен.


