Иран СІМ: жаңа жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменеи жараланған, бірақ жағдайы жақсы

Иранның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) бұқаралық ақпарат құралдарында тараған жаңа жоғарғы көшбасшы Моджтаба Хаменеи жараланғаны туралы мәліметті растады.
Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи итальяндық Corriere della Sera газетіне берген сұхбатында Моджтаба Хаменеи «жараланған, бірақ өзін жақсы сезінеді» деп мәлімдеді.
Эсмаил Багаи сондай-ақ Иран көшбасшысының халық алдында қашан сөз сөйлейтіні туралы әзірге дерек жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, «жаңа жоғарғы көшбасшы лауазымына үш немесе төрт адам үміткер болды, бірақ Сарапшылар кеңесіндегі көпшілік оны таңдады».
Бұған дейін БАҚ Моджтаба Хаменеи 28 ақпанда — АҚШ пен Израильдің шабуылдары басталған алғашқы күні жараланғанын хабарлаған. Болжам бойынша, сөз аяқ жарақаты туралы болуы мүмкін. Дереккөздер оның көпшілік алдына шықпауын осы жағдаймен және қауіпсіздік шараларымен байланыстырған.
Кейін Иран президентінің ұлы әрі кеңесшісі Юсеф Пезешкиан Моджтаба Хаменеи тірі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол байланыстары бар таныстарынан нақтылап, «құдайға шүкір, ол сау, бәрі дұрыс» деген жауап алған.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастаған. Тель-Авивте оның мақсаты — Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екені айтылған. Вашингтон Иранның флотын және қорғаныс өнеркәсібін жоятынын айтып, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырған.
Соңғы деректер бойынша, АҚШ пен Израильдің Ирандағы шабуылдары салдарынан кемінде 1300 адам қаза тапқан, олардың арасында жоғарғы көшбасшы Али Хаменеи де бар. 9 наурызда Сарапшылар кеңесі Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысының есімін жариялап, бұл қызметке қаза тапқан көшбасшының ұлы Моджтаба Хаменеи тағайындалғанын хабарлады.


