Колумбияның Попаян қаласында монстр-трак шоуы кезінде көлік көрермендер тобына кіріп кетті: кемінде 2 адам қаза тауып, 37 адам жараланды

Әлеуметтік желілерде Колумбияның Попаян қаласында өткен шоу кезінде монстр-трак жүргізушісі басқаруды жоғалтып, көрермендер тобына кіріп кеткені түсірілген видеолар тарады.
Не болды Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға 3 мамыр күні Попаян қаласында өткен автошоу барысында болған. Нақтыланған ақпаратқа сәйкес, монстр-трак жүргізушісі кедергілерден өту бойынша трюктер орындаған.
Куәгерлер түсірген видеоларға қарағанда, көлікті әйел адам басқарған.
Белгілі бір сәтте ол басқаруды игере алмай, қоршауды құлатып, көрермендер тобына соғылған.
Не белгілі Каука губернаторы Октавио Гусман X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында оқиға салдарынан кемінде 2 адам қаза тауып, 37 адам жараланғанын хабарлады.
"Біз жексенбі күні Rose бульвары ауданында болған оқиғаға қатты өкініш білдіреміз. Алдын ала мәлімет бойынша, 37 адам зардап шегіп, кемінде екеуі қаза тапты. Каука денсаулық сақтау департаменті тарапынан барлық қолда бар ресурстар жұмылдырылды, мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар желісімен, өрт сөндіру қызметтерімен және жедел жәрдем бригадаларымен қажетті көмекті көрсету үшін өзара іс-қимыл жолға қойылды. Осы қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің отбасыларына, сондай-ақ Попаян қаласының тұрғындарына көңіл айтамыз", — деп жазды ол.
Қазіргі уақытта барлық зардап шеккендер қаланың жақын маңдағы ауруханаларына жеткізілген.
Сондай-ақ АҚШ-та да ұқсас жағдай болғаны еске салынды: Malicious Monster Truck Tour шоуында монстр-трактан дөңгелек ұшып шығып, автотұрақтағы көлікке зақым келтірген.


