Белу-Оризонтиде жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, тұрғын үйге соғылды: үш адам қаза тапты

Бразилияның Белу-Оризонти қаласында жеңіл моторлы ұшақ ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырап, тұрғын үйге соғылды. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, тағы екі адам ауруханада жатыр.
Не болды Шағын ұшақ Белу-Оризонтиден ұшып шығып, Сан-Паулуға бағыт алған. Алайда ұшқаннан кейін бірнеше минут өткен соң ұшақ биіктігін жоғалта бастаған. Алдын ала мәлімет бойынша, борт әуежайдан шамамен сегіз шақырым қашықтықта құлаған.
Ұшақ үш қабатты тұрғын үйге соғылған.
Желіде жарияланған кадрларда ұшақтың ғимаратпен соқтығысқан сәті көрінеді.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, үй тұрғындарының ешқайсысы зардап шекпеген. Сондай-ақ ғимараттың елеулі құрылымдық зақым алмағаны хабарланған.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы Штаттың өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, оқиға орнында ұшқыш пен екінші ұшқыш қаза тапқан.
Тағы үш адам ауруханаға жеткізілген. Кейін дәрігерлер зардап шеккендердің бірі алған жарақатынан қайтыс болғанын хабарлаған.
Қазір ауруханада екі адам қалып отыр, олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Апаттың себептері Қазіргі уақытта авиациялық билік апаттың себептерін тергеп жатыр. Әуе оқиғаларын тергеу және алдын алу орталығының дерегінше, Бразилияда 2025 жылы 153 авиациялық инцидент тіркеліп, соның салдарынан 62 адам қаза тапқан.
Айта кетейік, жуырда АҚШ-та United Airlines әуе компаниясының Boeing 767 ұшағы Ньюарк Либерти әуежайына қону кезінде шам бағанына және тасжолмен өтіп бара жатқан жүк көлігіне тиіп кеткен. Оқиғадан кейін әуе компаниясы ішкі тергеу бастаған.
Сондай-ақ оқыңыз: Индонезияда екі пойыз соқтығысты — 14 адам қаза тапты, ондаған адам зардап шекті


