Дональд Трамп: АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның Харк аралындағы әскери нысандарды толық жойды

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Орталық қолбасшылығы Таяу Шығыс тарихындағы «ең қуатты бомбалаулардың бірін» жүзеге асырғанын және Иранның Харк аралындағы барлық әскери нысандар толық жойылғанын хабарлады.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ қаруының «әлем көрген ең қуатты әрі ең жетілген» екенін атап өтіп, «әдеп тұрғысынан» аралдағы мұнай инфрақұрылымын жоймауды таңдағанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол Иран немесе басқа біреу Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін және қауіпсіз өтуіне кедергі келтіретін қандай да бір әрекет жасаса, бұл шешімін «дереу қайта қарайтынын» айтты.
Сондай-ақ Трамп Иранның АҚШ шабуыл жасағысы келетін нысандарды қорғай алмайтынын айтып, «олар бұған ештеңе істей алмайды» деп жазды. Ол бұған қоса: «Иранда ешқашан ядролық қару болмайды», әрі Иран АҚШ-қа, Таяу Шығысқа немесе «тұтас әлемге» қауіп төндіре алмайтынын мәлімдеді.
Трамптың сөзінше, Иран армиясы және «осы террористік режимге қатысы барлардың бәрі» қаруын тастап, «елінен қалғанын сақтап қалуы» ақылға қонымды қадам болар еді, әрі «ол да көп емес» деп қосты.
Axios порталының дерегіне сәйкес, Парсы шығанағындағы Харк аралы арқылы Иран мұнайының әлемдік нарыққа жеткізілімінің шамамен 90 пайызы өтеді, бұл оны елдің энергетикалық инфрақұрылымындағы ең стратегиялық маңызды нысандардың біріне айналдырады.
The Telegraph газеті Харк аралын басып алу АҚШ-қа Ирандағы режимді бақылауға мүмкіндік беретінін, бұл ретте республиканың материктік аумағына америкалық әскер енгізбей-ақ жүзеге асуы ықтимал екенін жазған.


