Алматы халықаралық әуежайында 11 келіге жуық гашиш майын әкелу әрекеті тоқтатылды

Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, ірі көлемдегі есірткі заттарын елге заңсыз әкелу әрекетінің алдын алды.
ІІМ мәліметінше, Бангкок – Алматы рейсі келгеннен кейін 20 жастағы шетелдік азамат ұсталды. Жеке тінту барысында күдіктіден жалпы салмағы шамамен 11 килограмм болатын гашиш майы құйылған 12 пластик ыдыс тәркіленді.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 286-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы 20 жылға дейін немесе мүлкін тәркілей отырып өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Ельдар Абдикенов жыл басынан бері Қазақстан аумағына есірткіні контрабандалық жолмен әкелудің 57 фактісінің жолы кесілгенін айтты.
Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйекте ҰҚК Алматыда республика тарихындағы ең ірі біржолғы кокаин партиясы — 13 тонна 183 килограмм тәркіленгенін хабарлаған болатын. Жүктің бағыты Қазақстан арқылы үшінші елдерге транзитті көздеген, алайда партияның қайдан шыққаны белгісіз болған.
Сондай-ақ 30 сәуірде Алматыдағы сот екі Түркия азаматына қатысты істі қарауды күтпеген жерден тоқтатты. Прокурор істі қадағалау органына қайтару туралы өтінішхат білдірді.


