Қазақстанға Нидерландтан әкелінген амур жолбарыстарының жағдайы айтылды

2024 жылғы қыркүйекте Қазақстанға Нидерландтан алғашқы екі амур жолбарысы — аталығы Богдан мен аналығы Кума келді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жануарлардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
Министрдің айтуынша, жолбарыстар әзірге вольерде ұсталып отыр және өздерін өте жақсы сезінеді. Мамандар жұптың жақын уақытта марғаулары пайда болады деп үміттенеді.
Нысанбаевтың сөзінше, өткен жылы өкінішке қарай ұрықтану болмаған. Алайда жыл басында бұл үдеріс қайта тіркелген.
Министр сондай-ақ көктемде Қазақстанға Ресейден тағы төрт жолбарыс жеткізілетінін айтты.
Оның мәлімдеуінше, оларды сәуірдің соңы — мамырдың басы шамасында әкелу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, алты жолбарыспен туран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмысына бастау беріледі.
Қазақстанда соңғы жылдардағы ең көп талқыланған табиғатты қорғау жобаларының бірі — жолбарыстарды реинтродукциялау бойынша дайындық жалғасып жатыр. Жоба аясында Ресейден төрт амур жолбарысын Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына әкелу қарастырылған.
Бұған дейін сарапшылар қазақстандықтарға жолбарыстармен көршілес өмір сүруден не күтуге болатыны туралы пікір білдірген.


